Аңдатпа
Мақалада шетелдік тарихнамадағы 18 ғасырдың ортасы мен 19 ғасырдағы Ресей империясының көшпенді қазақтарға қатысты мәдени отарлау саясатының зерттелінуі талданады. Мұнда шетелдік тарихнамада түрлі теориялық және концептуалдық қағидалар мен дерек көздері негізінде бұл өзекті мәселенің қалай талданғаны және оған баға берілгеніне ерекше мән беріледі. Осы бағытта мақалада Ресей империясының қазақ даласындағы отарлық саясаты мен мәдени отарлауындағы түбегейлі өзгерістер мен бетбұрыстарымен қатар, оның салдары мен сәтсіздіктері де тереңнен қарастырылады. Мақалада еуропалық ағартушылық, христиан діні, «өркениеттік миссия» мен «ориентализм» дискурстары негізінде Ресейдің қазақтарға қатысты көзқарасы мен дүниетанымы, отарлау саясатын жүргізуі, ислам дінін тарату, сонымен қатар шоқындыру, орыстандыру және отырықшы өмірге көшіру бағытындағы түрлі іс-шаралары мен амалдары сынды мәселелер кешені талданады. Бұған қоса Ресей империясының қазақ қоғамына терең әлеуметтік және мәдени өзгерістерді алып келуі, сондай-ақ қазақтарды шоқындыру мен орыстандыру саясатының идеологиялық негіздері, барысы, ерекшеліктері және нәтижесі талданып, баға беріледі.

