Аңдатпа
Зерттеу Қазақстандағы жастардың адами капиталының кеңістіктік қайта бөлінуіне және 2020–2024 жылдардағы өңірлік деректерге «зияткерлік түйіндер — қақпалар — перифериялар» тұжырымдамалық шеңберін қолдануға арналған. Ресми статистикалық деректер негізінде 14–34 жастағы жастардың ішкі және халықаралық көші-қоны талданды. Көші-қон қарқындылығы өңірдегі жастардың орташа жылдық санының әрбір 1 000 адамына шаққанда стандартталды, сондай-ақ жоғары білімнің аумақтық шоғырлануы қарастырылды. Нәтижелер жастардың кеңістіктік мобильділігі негізінен ішкі көші-қонмен айқындалатынын көрсетті. Астана, Алматы және Шымкент елдегі студенттер контингентінің 60,3%-ын шоғырландырып, негізгі зияткерлік түйіндер ретінде ерекшеленеді. Маңғыстау облысы жастардың халықаралық және ішкі көші-қоны бойынша оң сальдо байқалатын жалғыз өңір болып табылады. Солтүстік және шығыс өңірлердің бірқатары айқын зияткерлік периферияны қалыптастырады. Зерттеу адами капиталдың өңірлік жылыстауын тек халықаралық көші-қон көрсеткіштері арқылы бағалаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп, ішкі мобильділікті, халықаралық көші-қонды және жоғары білімнің шоғырлануын ескеретін кешенді типологияны ұсынады.

