Аңдатпа
Әлеуметтанулық зерттеулерді цифрландыру әлеуметтік мінез-құлықты бақылау мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, жаңа әдіснамалық мәселені алға тартты: цифрлық және дәстүрлі әдістер әлеуметтік шындықтың нақты қандай деңгейлерін өлшейді? Бұл мәселе қазіргі әлеуметтанулық зерттеулер әдіснамасының негізгі өзегі ретінде қарастырылады. Нормативтік амбиваленттілігі тұрақты қоғамдар үшін аналитикалық тұрғыдан маңызды қазақстандық жағдай материалдары негізінде мақалада цифрлық іздер мен дәстүрлі сауалнамалардың әртүрлі әлеуметтік нысандарды өлшейтіні көрсетілген. Цифрлық іздер әлеуметтік нормалардың, бірегейліктің және сенімнің жария артикуляциясын тіркесе, сауалнама индивидтің бәсекелес күтілімдер жүйелері арасындағы ішкі нормативтік бағдарлануын айқындайды.
Зерттеудің эмпирикалық базасына 2024–2025 жылдары жүргізілген, жалпы іріктемесі 48 000 респондентті қамтитын алты ұлттық репрезентативті сауалнама және автордың жиырма жылдан астам уақыт бойы жинақталған әлеуметтанулық зерттеулер кешені кіреді. Талдау нормативтік амбиваленттіліктің үш өлшеміне – діндарлыққа, гендерлік ұстанымдарға және ақпараттық сенім құрылымына шоғырланған. Мақалада институционалдық, тұлғааралық және күнделікті мінез-құлық деңгейлеріндегі моральдық тәртіптің өзара үйлесімділік дәрежесін ұзақ мерзімді динамикада өлшеуге мүмкіндік беретін аналитикалық құрал ретінде нормативтік байланыстылық индексі ұсынылған.
Жүргізілген талдау негізінде цифрлық әдістерге көшудің үш әдіснамалық шарты тұжырымдалады: қоғамның нормативтік құрылымын алдын ала диагностикалау, аналитикалық инфрақұрылым ретінде дәстүрлі мониторингті сақтау және цифрлық әрі дәстүрлі әдістерді интеграциялау барысында өлшеу нысандарын ажырату. Мақалада әлеуметтануды цифрландыру дәстүрлі сауалнамаларды алмастыруды емес, әлеуметтік шындық деңгейлерін ажырату негізінде олардың әдіснамалық интеграциясын талап ететіні көрсетілген.

