Аңдатпа
Қоғамда жағымпаздық пен мадақтау саясаттағы негізгі құралдар деген пікір қалыптасқан. Жағымпаздықтың синонимдес ұғымдарының көптігіне байланысты оны зерттеу де күрделі. Мәселен, ағылшын тіліндегі «adulation», «bootlicking», «flattery», «grovelling»», «sycophancy», «toadying», «truckling» түсініктерін синонимдер ретінде пайдаланып жатады. Берілген мақалада жағымпаздықтың саяси сипаттамаларын айқындау үшін «flattery» синонимін пайдаландық. Зерттеу жұмысының мақсатына жағымпаздық белгілері бар әрекеттердің саяси сипаттамаларын ұсыну жатады. Бұл мақсат саясаттағы жағымпаздықтың құрылымдық ерекшеліктерін айқындау қажеттілігінен туындады. Мақсатқа жету үшін «Скопус» базасында әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша осы уақытқа дейін индекстелген мақалалар қаралып, табылған 166 мақала сарапталды. Нәтижесінде саяси ғылымдарға қатысы бар деп тапқан 24 әдебиетке ерекше назар аударылды.