Аңдатпа
Бұл зерттеу Қазақстан Республикасында ана мен баланы әлеуметтік қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуын орнықты даму тұжырымдамасы контексінде кешенді талдауға арналған. Мақалада мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары, ана мен баланы қорғауға қатысты құқықтық-нормативтік база және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың мазмұны қарастырылады. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарының ұлттық саясатқа ықпалы, халықаралық құқықтық құжаттар мен мемлекетаралық міндеттемелердің орындалу деңгейі, әйелдер мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы негізгі жетістіктер мен өзекті мәселелер сараланады.Зерттеудің әдіснамалық негізін жүйелік, салыстырмалы және статистикалық талдау әдістері құрайды. Теориялық база ретінде әлеуметтік мемлекет пен орнықты даму тұжырымдамаларына қатысты ғылыми еңбектер, халықаралық құқықтық құжаттар, мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілер пайдаланылды. Эмпириялық дереккөздер ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми статистикалық мәліметтері, халықаралық ұйымдардың есептері және ана мен баланы қорғау саласындағы әлеуметтік бағдарламалардың нәтижелері қолданылды.
Жүргізілген талдау негізінде ана мен баланы қорғау саласындағы ұлттық саясатты жетілдіру, гендерлік теңдікті нығайту және әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар ұсынылады. Зерттеу нәтижелері Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты дамуын қамтамасыз ету және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үдерісін жетілдіруге бағытталған.

