Аңдатпа
Мақалада Орталық Азия аймағындағы су тапшылығының себеп-салдары мен ерекшеліктері экологиялық көші-қонға ықпал етуші фактор ретінде қарастырылады. Жаһандық ауқымдағы климат жылынуы қазір әлемнің көптеген елдерінде экологиялық апаттар мен дағдарыстарға арқау болуда. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тұщы судың жетіспеушілігі жақын болашақта адамзатқа үлкен қауіп төндіреді, бұл мәселе ауыр зардаптарға әкеледі: қуаңшылық кесірінен топырақтың тұздануы мен шөлге айналуы халықтың ауыз суы жоқ жерлерден мәжбүрлі және бақылаусыз көшіп-қонуына, түрлі әлеуметтік катаклизмдер мен қарулы қақтығыстардың туындауына әсер етеді. Орталық Азия су тапшылығын сезініп отырған осындай қауіпті аймақтардың бірі саналады. Су ресурстарының жетіспеушілігі миллиондаған адамдардың көшіп-қонуына ғана емес суға талас қарулы қақтығыстарға әкеліп, геостратегиялық маңызы зор аймақтағы саяси жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін. Сондықтан мұндай өткір мәселені саясаттанулық талдау, алғышарттарын анықтау, шешу жолдарын іздестіру мен болашағын болжау өте өзекті болып табылады.
Автор Орталық Азия өңірінде ұзақ мерзімді перспективада су тапшылығы проблемасы халық өсімінің жоғары қарқынына байланысты шиеленісе түсетіні, осыған байланысты су-энергетика саласындағы мемлекетаралық қайшылықтар тереңдеп, экологиялық көші-қон күшейетіні атап өтіледі. Орталық Азиядағы су тапшылығы стихиялық көші-қонды туындатушы табиғи фактор ретінде талданып, оның зардаптары болжанып, аймақтық деңгейдегі экологиялық, миграциялық және су саясаттарын жүргізуге септігін тигізетін ұсыныстар жасалады.