Аңдатпа
XXI ғасырдағы әлемдік аса алып жоба саналатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы оның авторы Қытайдың қолданыстағы халықаралық қатынастар жүйесін қайта қарау, оның ережелері мен шарттарына өзгерістер енгізу, әлемдік тәртіпті қайта жүйелеу, жаңа тұрпаттағы ірі елдер қарым-қатынасын қалыптастыру, “Адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын” құру ниетіндегі стратегиялық жобасы есептеледі. Қытайлық контексте ол Қытайдың әлемдік қауымдастыққа ұсынып отырған “ең үлкен ортақ игілігі және ең ауқымды ынтымақтастық платформасы”. Сондықтан да, Қытай тарапы “ынтымақтаса отырып бірге ұтуды” көздеген жобаның қатысушысының барынша көбеюіне, ондағы нақты жобалардың әлемдік қауымдастық, әсіресе, “белдеу және жол” жағалауы елдері тарапынан мейілінше қолдау табуына мүдделі. Осындай себептен стратегияның іске асырылуын ілгерілету бағытындағы әрқандай шараларға да мүмкіндігін сарқа жұмсауда. Әлеуетті тетіктердің қай-қайсысына да жүгінуге пейіл. Мақалада ҚХР осы тетіктердің ұтқыр құралының бірі ретінде әлемдегі айлақтар мен порттардың құрылысын салу, оларды басқаруға қатысу, олардың акциясын сатып алу, түбегейлі сатып алу сынды тәсілдермен игеріп жатқаны нақты мысалдармен баяндалады.