Аңдатпа
Бұл мақалада Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері уақытта мемлекеттік билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өзара іс-қимылының эволюциясы, институционалдануы және практикалық нәтижелері қарастырылды. Мемлекеттік саясатты талдаудың сапалық тәсілін қолдана отырып, зерттеу үшінші сектордың дамуын қалыптастырған заңнамалық базаны, тұжырымдамалық мемлекеттік құжаттарды, азаматтық форумдарды және қаржыландыру тетіктерін зерделейді. Нәтижелер Қазақстанда мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы әріптестіктің салыстырмалы түрде тұрақты моделі қалыптасқанын көрсетеді және қолдаудың формальді құралдары мен консультациялық платформалар арқылы іске асып отырғаны анықталды. Сонымен қатар, ҮЕҰ дамуында өңірлік теңсіздік, қатысу мәселелеріндегі формализм және ҮЕҰ көрсететін қызметтердің сапасын бағалаудың шектеулілігі сияқты жүйелі проблемалар сақталуда. Мақала посткеңестік елдердегі азаматтық қоғамның дамуын түсінуге үлес қосып, үшінші секторды дамытуда инклюзивті басқаруды нығайту бойынша практикалық ұсынымдар әзірленді.

